Amre «Интервидение – 2025» сахнасында

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі
2025 жылдың 20 қыркүйегінде Ресейде өтетін халықаралық «Интервидение – 2025» музыкалық байқауының финалында Қазақстан атынан танымал әнші Amre өнер көрсетеді. Оның шын есімі – Ернар Садырбаев. Әнші байқауға еліміздің атынан ресми түрде жолдама алды.
Ернар Садырбаев – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі. Ол pop, pop-classic, latino және R&B жанрларында ән орындайды. Әншінің өнер жолындағы кәсіби деңгейі мен шеберлігі түрлі халықаралық фестивальдер мен байқауларда дәлелденген.
Еске сала кетсек, 2018 жылы Ернар Витебск қаласында өткен «Славян базары» фестивалінде бірінші орын иеленіп, халықаралық сахнада алғаш рет жарқ етіп көрінді.
2021 жылы ол Қазақстанда өткен «Маска» телевизиялық шоуында «Бүркіт» кейпінде өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, ресейлік әйгілі «Голос» жобасына қатысып, Дима Биланның командасында финалға дейін жетті.
Осы уақытқа дейінгі жеңістерімен ел атын шығарған Amre-нің «Интервидение – 2025» байқауында да биіктен көрінетініне сенім мол. Әншіге сәттілік тілейміз!