Әскери тәрбие – чемпион шыңына бастар жол

Патриот жаршысы
159

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жарқырай жеңіске жеткен Ақмарал Ерекешеваны құттықтады.

Ақмарал – Құрлық әскерлері жауынгерлік даярлық басқармасының аға офицері, подполковник Әсет Ерекешевтің қызы. Салтанатты қабылдау барысында министр әскери қызметшінің қызын ғана емес, оның ата-анасын да ерекше алғыс хатпен және естелік сыйлықтармен марапаттады.

– Әскери қызметшінің балалары тәртіптің не екенін жастайынан біледі. Спорттағы тәртіп те әскери тәртіппен ұқсас – бұл жерде де жеңіс үшін үздіксіз еңбек, қатаң режим мен өз-өзіңе талапшылдық қажет. Ақмаралдың жеңісі – оның тынбай еңбектенуінің, отбасының, әсіресе әкесінің берген тәрбиесінің жемісі. Ендігі арманы – Олимпиада шыңын бағындыру болсын, – деді министр құттықтау сөзінде.

Ақмарал көркем гимнастикамен 4 жасынан айналысып келеді. Бүгінде ол – жасөспірімдер арасында екі дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Азия чемпионы, Қазақстанның абсолютті чемпионы. Сонымен қатар, «Азия балалары – 2024» турнирінің күміс жүлдегері.

София қаласында 70-тен астам елдің 350-ден аса спортшысы қатысқан әлем чемпионатында Ақмарал доп пен лента жаттығуларында алтын, ал шеңбермен жаттығуда күміс медаль жеңіп алып, турнирдің ең көп жүлде алған қатысушысы атанды.

Кездесу соңында Ақмарал Қорғаныс министріне қолдау білдіргені үшін алғыс айтып, бұл марапаттардың өзі үшін жаңа биіктерге жетуге үлкен мотивация болатынын жеткізді.

Малика Рүстем
тілші