Туымыз көкте желбіреді

ҚР Туризм және спорт министрлігі
Харбинде өтіп жатқан IX қысқы Азия ойындарында шорт-тректен ерлер құрамасы 5000 метрлік эстафетада жеңіске жетіп, Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медальді салды. Бұл жүлде – Қазақстанның қысқы Азия ойындарындағы шорт-трек тарихындағы алғашқы алтыны.
Команда сапында Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Мерсаид Жақсыбаев, Айбек Нәсен, Абзал Ажғалиев және Глеб Ивченко өнер көрсетті.
Айта кетейік, бұл Қазақстан шорт-трегі тарихына Азия ойындарындағы алғашқы алтын медаль. Бұған дейін тек күміс, қола жеңген болатын.
«Бүгін спортшыларымыз жеңіске деген ерік-жігерінің арқасында жеңіс тұғырына көтеріліп отыр. Біраз үзілістен кейін қысқы Азия біріншілігінде еліміздің әнұраны тағы да шырқалатын болды. Жалынды жерлестерімізді осы жеңіс жолына дайындаған жаттықтырушыларға ерекше алғыс айтамын. Бұл бүкіл ел үшін үлкен қуаныш болды. Рахмет. Алға, Қазақстан!»— деді Геннадий Головкин.