«Оян, қазақ!» шетелдіктер назарында

Патриот жаршысы
124

Қазақ киносына жаңаша  серпіліс әкелеген «Міржақып. Оян қазақ» телехикаясы  енді шетелдік кино мамандардың назарын аударды. Джордж Вашингтон университетінің Орталық Азия бағдарламасы аясында өткізген онлайн конференциясында талқыланды.                                                                                                                      

«Оян қазақ! телевизиядағы Қазақстан тарихы» деген  тақырыппен өткен жиынға кинотанушылармен қатар Орта Азияны, оның ішінде Қазақстанды зерттеп жүрген бірқатар ғалымдар да қатысты. Белгілі кинотанушы, америкалық профессор Питер Роллбергтің пікірінше,  көпшілікті таңғалдырған нағыз феномен туынды қазақ телехикаясы болды. Оның айтуынша, «Ахмет. Ұлт ұстазы» мен «Міржақып, Оян Қазақ» туындыларының көрерменге ұнауының себебі тарихи фактілер мен шынайы оқиғаға негізделуінде дейді. Режиссер Мұрат Есжанның шебер кәсібилігін әрі тиянақты зерттеу жұмысын жүргізе білгенін ерекше айта кетті.

Джордж Вашингтон Университетінің славян тілдері, кинотану, халықаралық істер профессоры Питер Роллберг:

«Мені ерекше таң қалдырғаны жастардың ұстаздар өмірі туралы туындыларды бар ынта-ықыласымен тамашалауы. Ахмет те Міржақып та өте заманауи әрі ұлтжанды ағартушы болғаны рас. Әрбір адам мейлі ол бай не кедей болсын, қалада не ауылдық жерде тұрсын білім алуы тиіс деп білді. Енді жастардың олар туралы фильмді алты сағат тапжылмай көруі мұндай ұлт зиялыларына деген құрмет пен сұраныстың көрінісі»,–дейді.

«Болашақ» бағдарламасының 500 ғалым жобасы аясында Америкада зерттеу жүргізіп жатқан Қарлыға Мысаева Ұлттық арнаның телехикаяны киноға айналдырып, кинотеатрлардан көрсетуі ұтымды шешім болды дейді. Әлеуметтік желіде жарияланған 14 мыңға жуық пікірді саралап, сандық және сапалық тұрғыдан салыстырып шыққан маман телехикаяның өте сәтті шыққанын, жағымсыз пікір қалдырғандар саны тіпті екі пайызға да жетпейтінін айтты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика кафедрасының доценті Қарлыға Мысаева:

«Басында мен жағымсыз пікірлер көп болады деп ойладым. Себебі пікір десе негізінде жағымсыз пікірлер өте көп болады. Бірақ жағымсыз пікірдің аз болуы біріншіден, шынайылықты дұрыс бере білуі. Яғни, тарихты фактімен беруі. Екіншіден, актерлердің керемет ойнауы. Яғни, көрермен кинодан шынайы өмірді көрді. Сондықтан шынайы пікір білдірді»,–дейді ол.

Дариға Нысанқұл