Астанада қолөнершілер керуені өтті

Астана қаласының әкімдігі
Астанада дәстүрлі қолөнер мен креативті индустрияны ұштастырған ерекше жоба — «Ұлы дала қолөнершілер керуен көші» өтті. Іс-шараны Астана әкімдігінің қолдауымен «Хас шебер» отандық өнімді дамыту қауымдастығы ұйымдастырды.
Жобаның мақсаты — қазақтың дәстүрлі қолөнерін заманауи стильде жаңғырту, этнодизайнды дамыту және шығармашылық индустрияны қолдау. Шара аясында этно-өнер көрмесі, ұлттық жәрмеңке, сән көрсетілімі, шеберлік сабақтары мен жастарға арналған дәрістер өтті.
Келушілер ұлттық нақышта жасалған киім, зергерлік әшекей, сөмке және тұрмыстық бұйымдарды сатып алып қана қоймай, отандық дизайнерлердің этностильдегі заманауи киім үлгілерін де тамашалады.
Шараға 15-ке жуық қолөнерші қатысты. Олардың арасында ортопедиялық ерекшелігіне байланысты өзі тоқып кроссовки мен шлепки жасауды бастаған Жұлдызай Бабасова мен авторлық киіз бас киімдерімен танылған дизайнер Айгерім Үсина да бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба бір реттік емес. Ол — еліміздің түкпір-түкпіріндегі дарынды шеберлерге шабыт беретін, отандық шығармашылық индустрияны дамытуға серпін беретін маңызды бастама.