Астанада Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шара өтті

9 мамыр күні Астана қаласындағы «Жастар» саябағында және Отан қорғаушылар алаңында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған кең ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Алаңға қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналып, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, майдангерлер рухына тағзым етті. Салтанатты іс-шарада ардагерлер құрметке бөленіп, соғыс жылдарын еске түсірер қойылымдар көрсетілді.
Іс-шара жеті аумаққа бөлініп өтті. «Жеңіс перроны», «Естеліктер бекеті», «Қанекей, фотоға түсірші», «Киноаппарат №80», «Бақытты балалық шақ», «Мергендер нүктесі» және «Фудкорт» алаңдарына келушілер белсене қатысып, түрлі интерактивтер мен көріністерді тамашалады. Ардагерлермен сұхбаттасу, фотоаймақтар, балаларға арналған ойындар мен әскери бағыттағы жаттығулар да ұйымдастырылды.
Орталық алаңда мерекелік концерт өтті. Ән мен би, патриоттық шығармалар арқылы Жеңіс рухы дәріптеліп, көрермендер ерекше әсер алды.
Мереке жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қала жұртшылығына патриоттық рух пен тағзым сезімін сыйлады.