АСТАНАНЫ ЛАСТАҒАНЫ ҮШІН 5 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ӘКІМШІЛІК ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ

Патриот жаршысы
99

Астана қаласы әкімдігі

Астанада қоғамдық мүлікті әдейі бүлдіру және жоюға қарсы күрестің 2025 жылдың алғашқы тоқсанындағы қорытындылары жарияланды. Бұл туралы қала прокуратурасы басқармасының прокуроры Гүлмира Бекмуханова Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Прокурордың айтуынша, елордада «нөлдік төзімділік» қағидаты аясында құқықтық бақылауды күшейту және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Әсіресе, вандализм мен қоғамдық орындарды ластаумен күреске ерекше назар аударылып отыр.

— Қоғамдық мүлікті бүлдіру, бұзақылық, ортақ меншікке құрметсіздік таныту — бұлардың барлығы жедел әрі қатаң жауап қайтаруды талап етеді, — деді Гүлмира Бекмуханова.

Ол 2023 жылдың 3 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне енгізілген 147-1-баптың күшіне енгенін еске салды. Бұл бап бойынша 200 айлық есептік көрсеткішке (738 мың теңге) дейінгі зиян келтірілген жағдайда кінәлі тұлғаға айыппұл немесе әкімшілік қамау тағайындалады.

2025 жылдың алғашқы тоқсанында Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 147-1-бап бойынша 61 іс түскен. Нәтижесінде 40 құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынса, 21 адамға жалпы сомасы 3 605 440 теңге айыппұл салынған. Бұл — елордада вандализмге қарсы күресте нақты әрі принципшіл ұстаным бар екенін көрсетеді.

Гүлмира Бекмуханованың айтуынша, Астанада құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға барлық жағдай жасалған. Қалада қазіргі таңда 35 600 бейнебақылау камерасы орнатылып, олар Полицияның жедел басқару орталығына қосылған. Күн сайын осы камералар арқылы қоқыс тастау, түкіру, бұзақылық секілді ондаған құқық бұзушылықтар тіркелуде.

Сонымен қатар, елорда прокуратурасы кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтар санының артқанын атап өтті. 2025 жылдың алғашқы үш айында қоғамдық орындарды ластағаны үшін 5 151 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың 36-сы — жасөспірімдер.

— Егер кәмелетке толмаған бала айыппұл төлеуге жеткілікті мүлкі болмаса, бұл міндет ата-анасына немесе оларды алмастыратын тұлғаларға жүктеледі, — деді прокурор.

Сондай-ақ, прокуратура мен полиция әлеуметтік желілер, БАҚ және тұрғындардың жарияланымдары арқылы ақпаратты белсенді бақылауда ұстап отыр. Вандализм немесе ұсақ бұзақылық туралы хабарламалар табылған жағдайда тиісті тексерулер жүргізіліп, құқықтық баға беріледі. Мұндай оқиғалар заңды салдарына назар аудара отырып, медиакеңістікте тұрақты жарияланады.

Прокуратура қала тұрғындарын қолданыстағы заңнама нормаларын сақтауға және азаматтық белсенділік танытуға шақырады. Урбанизация, халық санының өсуі және қалалық инфрақұрылымның дамуы жағдайында тәртіпті сақтау — қоғамның әрбір мүшесінің ортақ жауапкершілігі.

Малика Рүстем
тілші