Ұлт рухының үні: «Міржақып: Оян, Қазақ!»

Фото: Qazaqstan.tv
Кейде экраннан көз алмай, үнсіз отырып қалғаныңды аңғармайсың. Өйткені, ол көркем дүние жай ғана тарихты айтып бермейді — жүрегіңнің терең бір түкпірінен шымырлатып, әлдебір сағыныш пен мақтаныш сезімін оятады. 2024 жылы көрермен назарына ұсынылған «Міржақып: Оян, Қазақ!» атты фильм мен телехикая дәл осындай әсер қалдырды. Бұл — тек өмірбаяндық драма емес, бұл — ұлттың ұмыт болған рухын тірілтуге бағытталған көркем миссия.
Міржақып Дулатұлы — есімі ел жадында жаңғырып келе жатқан, бірақ тағдыры әлі де толық таныла қоймаған ұлт арысы. Оның «Оян, Қазақ!» үндеуі ғасырлар тынысын жарып, бүгінгі буынға дейін жеткен ұлы үн еді. Ал, сол үнді экран тілімен сөйлеткен туынды — шынайылық пен шеберліктің үлгісі болды.
Телехикая мен фильм бір оқиға желісінен бастау алғанымен, әрқайсысы көрерменге өз формасында ерекше әсер сыйлады. Телехикая алты бөлімнен тұратын кең тынысты туынды болса, фильм — 131 минутқа сыйған өмір мен күрестің шежіресі. Бірі — ұлт күресінің терең қатпарларын таразылайтын баяндау болса, екіншісі — сол күрестің символдық бейнесін шоғырландыра берген көркем шығарма.
Режиссер Мұрат Есжан мен продюсер Айсәуле Әбілданың ұжымымен бірлесе жасаған еңбегі — тарихи шындық пен көркемдік шындықтың үйлесімді тоғысуы. Қарапайым көрермен үшін де, тарихты зерделеуші зерттеуші үшін де бұл туындылар дерек пен рухтың қайнары іспетті. Әсіресе кинотеатрларда орын таппай, аншлагпен өтуі — халықтың рухани сұранысы мен фильмнің сапасына берілген әділ баға.
Фильм желісінде қамтылған 1905–1935 жылдар аралығы — қазақ халқының ұлт ретінде сынға түскен кезеңі. Бұл — отарлық езгінің күшейіп, алаштың азаттығы үшін күрескен ұлы тұлғалардың қудаланған, ұмыт болуға шақ қалған кезеңі. «Қазақ» газетінің тағдыры, «Бақытсыз Жамалдың» өмірлік шындығы, ашаршылық пен түрме азабы — бұлардың барлығы тек тарихи оқиға емес, көрермен жанына әсер етер трагедия. Бутыркадағы сәттерді көріп отырып, жан да дір етеді — өйткені ол көріністерде адамның рухы сыналады, ерік-жігердің шегі байқалады.
Бахыт Хаджибаевтың Міржақып бейнесін сомдауы — актерлік шеберлік пен ішкі түйсік үндестігі. Оның дауыс ырғағы, жүріс-тұрысы, көзқарасы — бәрі бір тұтас бейнеге айналып, экрандағы кейіпкер мен шынайы Міржақыпты жақындатып жібергендей. Ғайнижамал рөліндегі Зарина Кармен мен Гүлнарды бейнелеген Кәусар Рысқұлбек те өз кейіпкерлерінің жан иірімдерін нәзік жеткізе білген. Әке мен қыз арасындағы риясыз махаббат көріністері — әр қазақтың жүрегін дір еткізбей қоймайды.
Фильмнің бір өзегі — сөздің қуатында. «Алаш деген елім бар, неге екенін білмеймін – сол елімді сүйемін» деген жолдар — тек кейіпкердің емес, күллі көрерменнің де жүрегінен шыққан сөзге айналды. Ал «Мен қорықсам, Құдайдан ғана қорқамын. Ана демі бітіп, өліп бара жатқан мұңдас, қандас, бейшара бауырларымның қарғысынан қорқамын» деген сөз — қайраткер рухының асқақтығын, ұлтқа деген адалдығын паш етеді. Бұл — мәңгілік сөз, мәңгілік ұран.
«Міржақып: Оян, Қазақ!» — бүгінгі көрерменге өткеннің сабағын, бүгіннің рухын, болашақтың үмітін жеткізген рухани туынды. Ұлттың жадын жаңғырту, оның күрескерлік қасиетін таныту — бұл туындының басты мақсаты болған және ол мақсат орындалды. Мұндай фильмдерді тек көру емес, сезіну керек. Себебі бұл — өткенімізбен тілдесу, өзімізді тану.
Жалпы, «Оян, Қазақ!» тек Міржақыптың үндеуі емес, ол — бүгін де мәнін жоймаған, әр қазақтың кеудесінде оянуы тиіс рухтың даусы. Сол дауысқа құлақ түргендер үшін бұл фильм — өнердің ғана емес, елдік сананың жаңғыруы.