«Соңғы үкім»: Ұлт ұстазы жайлы фильм жарық көрді

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі
Бүгін Елордамызда Ұлт ұстазы, қазақтың көрнекті ағартушысы және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы туралы «Соңғы үкім» толықметражды фильмінің алдын ала көрсетілімі өтті.
Фильм бар ғұмырын халықтың ағарту жолына арнаған, ұлт болмысын сақтап қалу үшін әрбір салаға өлшеусіз үлес қосқан – Ахмет Байтұрсынұлының таңғажайып тағдырына әсер еткен елеулі оқиғаларды баяндайды. Ахмет Байтұрсынұлы халықтың тілі мен өзіндік мәдениеті қалыптасқанда ғана елдің ертеңі жарқын боларына үлкен сенім білдірген XX ғасырдың басындағы қазақ саяси элитасының көрнекті көсемдерінің бірі.
Фильмнің шымылдығын ашқан ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева:
«Ең алдымен баршаңызды Ұлт ұстазына арналған “Соңғы үкім” фильмінің жарыққа шығуымен шын жүрекпен құттықтаймын. Елімізде кейінгі жылдары кино саласы тың серпінмен дамып келеді. Мен министр ретінде қазақ киносының қарқынды дамуына мүдделімін. Кино ұлттық идеологиямен рухани келбетімізді әлемге әйгілілейтін айнымас құралы. Сондықтан мемлекет басшысы атап өткендей киноның дамуына жаңа көзқарас, серпін керек. Мемлекет тарапынан өскелең ұрпаққа терең тарихымыз бен бай мәдениетімізді кино тілінде насихаттауға айрықша назар бөлінуде. Атап, айтсақ былтыр 18 ұлттық фильм түсірілді, жыл соңына тағы да 19 кино жоба іріктеліп өндіріске жіберілді. Бүгінде олардың жұмысы жалғасуда», - деді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сценарий авторы, әрі продюсер Ғалым Доскен:
«Әрбір қазақтың өзінің көңіліне түйген , аялап сақтайтын Абайы болады. Дәл солай Құрманғазы мен Дәулеткерейдің, Тәттімбеттің әр кісінің өз жүрегінің түбінде жатқан бейнесі болады. Дәл қазіргі картинада көрінетін ұлы адам - Ахмет Байтұрсынұлының бейнесі де осы фильмді жасаған шығармашылық топтың , өзіміздің көңіліміздегі Ахметті жақсы көру, қимастық, шын жүрегімізден табыну сияқты сезімдерден туған бейне деп қабыл аларсыздар. Бірақ нәрсені айтқым келеді, бұл кино тек Ахмет жайлы емес, қазақтың ұлттық интелегенциясының алғашқы легі. Солардың арманы, көксеген мұраты. Бір жағынан сұлу, бір жағынан адам айтқысыз қиын, аяғы қайғылы тағдырға деген бір ауыз дұғамыз, жандарын жұбатар бір ауыз әніміз, өлеңіміз. Сол қазақ интелегенциясының түр-түрпатын, сөйлеу мәдениетінен бастап , киім киісіне дейін елестетуге тырыстық. Фильмдегі әрбір сахнаның нақтылығына, деректілігіне, сол кездегі тарихи жағдайға ,тарихи шындыққа сүйеніп жасалғандығына кепілдік бере аламыз.»
Фильмді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық кинематографияны қолдау мемлекеттік орталығының» қолдауымен «Folklore Media» студиясы түсірген.
Жанры: тарихи драма.
Тілі: қазақ, орыс.
Жас индексі: 12+.
Режиссерлері: Ерген Тоқмырзин, Ерлан Нұрмұхамбетов.
Сценарий авторы және продюсері: Ғалым Доскен.
Басты рөлдерде: Азамат Сатыбалды, Дарья Александрова, Еркебұлан Дайыров, Айдар Наурызбаев, Александр Багрянцев, Ерлан Кәрібаев, Дәурен Серғазин және т.б.
Қазақ жастарын оқуға, ізгілікке, еңбекқор болуға, өз халқын сүюге шақырған Ахмет Байтұрсынов туралы бұл фильм үлкен экранда ағымдағы жылдың 23 мамырынан бастап көрерменге жол тартпақ.