НЕГЕ БІЗ ОСЫ ҚАТЫГЕЗ БОЛЫП БАРАМЫЗ?

129

 Қазақты – көңілі мәрт , бір-бірін бауырым деп құрметтеген, ешкімнің ала жібін аттмағайтын дана әрі дара халық дейміз. Расында солай еді.  Дегенмен,  қоғамдағы соңғы жаңалықтар «қазақ» деген  қасиетті атымызға сын келтіріп жатқанын жасыра алмаймыз. Әлеуметтік желіні аша қалсақ  жанға батар жағымсыз жаңалықтардан көз аша алар емеспіз. Жантүршігерлік қылмыс пен бойында адамдық сипат қалмаған қылмыскерлер күн сайын өсіп жатыр. Соның салдарынан теледидардан жаңалықтар көрмеймін дейтіндердің де қарасы көп. Әрине, адамдардың аяусыздықпен жасап жатқан ауыр қылмыстары психологиялық тұрғыдан кімге болмасын ауыр тиетіні рас. Осынау бейбіт заманда адамдар бір-бірінен қорқып, тіпті ет жақынынан  да сескенетін жағдайға жетті. Кеуделеріндегі жүрегінен мейірім кетіп, адамгершілік секілді ардақты аттар жойылып барады.

Күнделікті зорлық-зомбылық, қысым көрсету, жазым ету, аяусыздықпен өлтіру, ұрлық-қарлық – бүгінгі қоғам көрінісіне айналды. Соның кесірінен жандарын шүберекке түйген ата-аналар мен қаракөз қыздарымыз үдрейдің шырмауынан шыға алмай отыр. Себебі елімізде ойламаған жерден қауіпке ұшырап жатқан жасөспірімдер мен қыз балалардың саны артып,  егде жастағы кісілер де зардап шегіп жатыр. Мектеп жасындағы балалар бір-бірін мерт қылып, жас өміріне балта шабуда. Мағжан  атамыз «Мен жастарға сенемін», – деп бүгінгідей қылмыскер жастарды меңземесе керек. Жастардан бөлек ақыл тоқтатқан, тепсе темір үзер жігіттер осы қатыгездіктің кесірен темір тордың ар жағында отыр. Келер ұрпаққа үлгі болатын үлкендеріміздің де жасап жатқан қылмысы жаға ұстады. Бұл –  қазақтың қазаққа төндіріп отырған ең үлкен қауіпі.

Жауды сыртта дейтін едік, қазір оны өз ішімізден тауып отырмыз. Ең сорақысы да осы емес пе?! Абай атамыз: «Біріңді қазақ, бірің дос көрмесең істің бәрі бос»,– деп бекер айтпаса керек. Бір-бірімізді бауыр, жақын санап жанашырлық таныта алмасақ, қалғанының құны көк тиын. Елімізде жан-жақты даму мақсатында қаншама игі бастамалар мен қадамдар жасалып жатыр. Ал осындай жағдайлар керітартпа күш ретінде бізді өсіріп емес, өшіреді. Көкейде сұрақ та оның себеп-салдары да өте көп. Бұған отбасындағы тәлім-тәрбиенің, қоғамдағы орта мен әлеуметтік жағдайдың, зиянды заттар мен діни ағымның да әсері бар. Қазір ақпарат пен ғаламтор заманында адамдарға тосқауыл қою өте қиын. Қылмыстық заңға күшейту енсе де, енбесе де қылмыстың саны толастар емес. Қауіпсіз қоғам құру әрине, сіз бен біздің бүгінгі арманымыз. Оған ұлт болып жұмылып, күш салуымыз керек.

 Жылымыз жағымды жаңалықтармен бастала ма дегенімізде Ақтөбе қаласындағы бүгінгі жаңалық ол сенімімізді су сепкендей басты. Кезекті  қатыгез қылмыскердің кесірінен тағы бір қазақ отбасы қара жамылды. Қандықол қылмыскер 40 жастағы әйелді кепілдікке алып, ата-анасын мерт қылды. Жауыздықтың кесірінен айрандай ұйып отырған жанұяның шырқы бұзылды. Бұлай жалғаса беретін болса болашағымыздың қандай боларын елестетудің өзі қорқынышты.  Біз текті елдің ұрпағы едік қой. Қалай ғана өз бауырларымызды өлімге қия аламыз?! Өр намысты ұлттың надандыққа салынып жүрексіз һәм санасыз болып бара жатқаны өте өкінішті. Қазіргі қазақ қоғамының хәлі осы.  

Бұған кімді кінәлаймыз? Бұл  қорқынышты жағдайларға қашан тоқтау болады? Біз өз елімізде  қашан емін-еркін, еш қорқынышсыз еркін жүре аламыз? Қазақтың қанында жоқ қатыгездік қайдан келді? 

Дариға Нысанқұл