АСТАНАДА ДЕНИС ТЕН АТЫНДАҒЫ ЖАРЫС ӨТІП ЖАТЫР

ЕЛІ ҮШІН ТУҒАН
64

Елордамыз Астана қаласында мәнерлеп сырғанаудан «Денис Тен мемориал» атты турнир өтіп жатыр. Бұл - Халықаралық конькимен сырғанаушылар одағының аясында өтетін Орта Азия елдеріндегі бірден-бір сайыс.

Еліміздің даңқты спортшысы, 2014 жылғы Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионаттарының күміс және қола жүлдегері, Төрт құрлық чемпионатының 2015 жылғы жеңімпазы Денис Тенді еске алуға арналған бұл турнир биыл бесінші рет өткізіліп отыр.

Мәнерлеп сырғанаудан халықаралық жарыстарға қатысу біздің спортшыларымыз үшін өте маңызды. Сондықтан да ұлттық құрама түгелдей дерлік осы жарысқа қатысып жатыр. Атап айтсақ құрама көшбасшысы М.Шайдоров жаңа маусымды сәтті бастайды деп үміттенеміз. Сонымен қатар Д.Жиренбаев, Р.Бралин, А.Смағұловтардан да жүлде күтеміз.

 Биыл турнирге қатысушы елдердің де саны артып отыр. Өткен жылдардан бері турнирге тұрақты қатысып жүрген Грузия, Әзірбайжан, Польша, Чехия, Франция сынды елдердің қатары көбейе түсті. Атап айтсақ, алғаш рет Астанаға АҚШ пен Канада мемлекеттерінен де спортшылар келіп отыр. Бұл дегеніміз, турнирдің халықаралық аренадағы беделі артып келе жатыр деген сөз.

Сонымен қатар «Барыс Аренада» жарыс жолына түсетін спортшылардың ішінде жасөспрімдер арасындағы әлем чемпиондары, гран-при сайыстарының жүлдегерлері де бар.

Турнир үш күн бойы Астана қаласындағы «Барыс Арена» спорт кешенінде өтеді. Кіру тегін. Жарысты тамашалауға Астана қаласының барлық тұрғындары мен қонақтарын шақырамыз. Келіп, көк байрағымызды халықаралық аренада жоғары көтеріп жүрген спортшыларымызға қолдау білдірейік.

Лилиана Әлжанова
Тілші