Абайдың "Толық адам" концепциясы

Патриот жаршысы
31

Атырау облысының әкімдігі

Атырау қаласындағы Абай орталығында «Абайдың “Толық адам” ілімі және ұлттық құндылық» атты облыстық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Аталған шараны Атырау облысы әкімдігі мен облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Конференцияға облыстық басқармалар мен білім беру ұйымдарының өкілдері, «Ұлттық құндылықтар академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақ тілі» қоғамы, «Елсана» рухани клубы, қалалық білім бөлімі және өзге де мемлекеттік құрылымдар қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты - ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының «Толық адам» ілімін терең танытып, оны қазіргі білім беру жүйесінде ұлттық құндылықтармен сабақтастыра қолдану жолдарын қарастыру. Сонымен қатар қазақ халқының рухани-адамгершілік әлеуетін арттыруға ықпал ету.

Конференцияға Алматы мен Астанадағы жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары, сондай-ақ Ұлттық құндылықтар академиясының бірқатар зерттеушілері қатысты. Жиын барысында Абайдың «Толық адам» ілімінің философиялық негіздері, ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие беру, Абай ілімін білім беру жүйесіне енгізу жолдары және оның ғылыми-әдістемелік қырлары кеңінен талқыланды.

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің доценті Жанат Молдағалиқызының айтуынша, бұл конференция Абай мұрасының маңызын қайта жаңғыртып, білім мен тәрбиеде ұлттық құндылықтарды жүйелі қолдануға жол ашады.

Шара аясында педагог-ғалымдар мен әдіскерлер ғылыми баяндамаларын ұсынып, өздерінің практикалық зерттеулерімен бөлісті. Сондай-ақ тәрбие мен білім беру саласына қатысты әдістемелік ұсыныстар қаралып, тәжірибе алмасуға арналған алаң ұйымдастырылды.

Конференция қорытындысында ұлттық құндылықтарды білім беру мазмұнына жүйелі түрде енгізу, сондай-ақ Абай ілімін тәрбие жұмысының өзегіне айналдыру бойынша нақты ұсыныстар мен әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, тиісті мекемелерге жолданатын болды.

Редакция
Patriot Portaly