«Алатау» театры - Чехов фестивалінде

Алматы қаласының әкімдігі
«Алатау» дәстүрлі өнер театры А.П. Чехов атындағы XVII Халықаралық театр фестиваліне қатысып жатыр. Бұл - әлемдік деңгейдегі ең беделді мәдени шаралардың бірі.
Биыл фестивальге 12 елден 13 театр ұжымы қатысып, өнерін ортаға салуда. Қазақстан атынан жалғыз қатысушы - «Алатау» театры. Алматылық театр Мәскеудің Моссовет атындағы академиялық театр сахнасында «Mamluk. Сұлтан Бейбарыс» атты саундрамасын 8-9 шілде күндері сахналайды. Қойылымда Мысырды билеген Бейбарыс сұлтанның тағдыры, ерлігі мен рухани ізденісі терең бейнеленеді. Жанды музыка, этноәуен, жауынгерлік көріністер мен көркем сүре оқу – барлығы ұлттық болмысты паш етеді.
Режиссер Фархад Молдағали тарихи бейнеден гөрі Бейбарыстың ішкі рухани дамуын көрсетуге басымдық бергенін айтады. Қойылымда 85 өнер иесі - актерлер, әншілер, бишілер мен музыканттар өнер көрсетеді. Басты рөлді «Дарын» сыйлығының иегері Әсет Есжан сомдайды.
Чехов фестивалі аяқталған соң, театр ұжымы Франциядағы беделді Off Avignon фестивалінде өнер көрсетеді. Бұл - қазақ өнерінің халықаралық аренада танылып, ұлттық мәдениетті әлемге танытудың үлкен қадамы.