Елордада жастарға арналған әлеуметтік драма қойылды

Патриот жаршысы
73

Астана қаласының әкімдігі

Астанадағы «Жастар» театрының сахнасында «Соңғы аялдама» атты әлеуметтік трагедия көрерменге жол тартты. Қойылым қоғамды алаңдатқан маңызды мәселе – есірткіге тәуелділік тақырыбын арқау еткен.

Қойылымның негізі – жазушы Рақымжан Отарбаевтың 2000 жылдары жазған «Нашақор жайлы новелла» пьесасы. Араға ширек ғасыр өтсе де, бұл туындыда қозғалған өзекті мәселелер бүгінгі күннің де басты проблемаларының қатарында тұр.

Қазіргі заман жастарының болмысына бейімделіп, жаңаша тыныс берген спектакльдің режиссері – Нұрфат Уахитов. Оның айтуынша, бұл жай ғана кейіпкер тағдыры емес, тұтас қоғамның жанайқайын жеткізетін драма.

– Біз жастардың санасына әсер ету үшін сахнаны құрал ретінде таңдадық. Бұл қойылымда жай сөз емес, жанның дауысы естіледі. Есірткі мәселесі күннен күнге күрделеніп бара жатқан тұста, оның соққысы тек бір адамға емес, бүтін отбасылар мен ортаға тиіп жатқанын көрсеттік, – дейді режиссер.

Қойылым Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен қалалық Мәдениет басқармасының қолдауымен жүзеге асырылуда. Шара 26 маусым – Халықаралық нашақорлықпен күрес күні аясында өтетін профилактикалық айлыққа орай ұйымдастырылған.

Аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл, полиция подполковнигі Әлия Қибатқызы бұл форматтың дәстүрлі түсіндіру жұмыстарына қосымша ретінде тиімді екенін айтады.

– Біздің мақсат – жастарға әсер етудің жаңа жолдарын іздеу. Театр – солардың бірі. Осы арқылы тәуелділіктің психологиялық, әлеуметтік салдарын шынайы жеткізе аламыз. Бұл қойылым қазақ тілінде ұсынылып отыр. Бұған дейін орыс тілінде «Независимые» спектаклі де сәтті өткен болатын, – деді ол.

Қойылым – есірткімен күрестің тек заң аясында ғана емес, адам жүрегіне жол таба білетін рухани, мәдени тәсілдермен де жүргізілуі керектігін дәлелдейтін бастама.

Малика Рүстем
тілші