Qazaqstan аренасында – балуандар бәйгесі

Патриот жаршысы
96

Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласындағы Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде күрес түрлерінен дәстүрлі Қазақстан кубогы басталды. Бұл жайында елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады. Жарыстың алғашқы күні еркін күрестен 57, 65, 86, 97 және 125 келі салмақ дәрежелерінде іріктеу кезеңі мен жартылай финалдық белдесулер өтті.

Сондай-ақ, дүбірлі доданың ресми ашылу салтанаты ұйымдастырылып, оған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, сондай-ақ Қазақстан күрес федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов қатысты.

Күрес бір орында тұрмайды. Жастарымыз өсіп келеді. Олардың тоқтамай дамуы үшін, үнемі жарыстарға қатысуы маңызды. Белгілі бір себептермен әлем чемпиондары Ризабек Айтмұхан, Нұрқожа Қайпанов, әлем чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері Жәмила Бақбергенова қатысқан жоқ. Қалған мықты балуандардың барлығы бар. 20 өңірден 900-ден астам спортшы бас қосты. Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама жасақталады, — деді күрес федерациясының басшысы Дәулет Тұрлыханов.

Айта кетейік, бұған дейін күрес бәсекелері елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында және «Барыс» мұз сарайында өткізіліп келген. Ал биылғы турнир алғаш рет Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде ұйымдастырылып отыр.

Дәстүрлі Қазақстан кубогы 29 мамырда өз мәресіне жетеді.

Малика Рүстем
тілші