Самирхон Абабакиров – халықаралық Президент кубогының күміс жүлдегері

Патриот жаршысы
31

Фото: НОК РК

Қытайдың Тайань қаласында өткен World Taekwondo President's Cup – Asian Region атты халықаралық таэквондо турнирінде Қазақстан намысын қорғаған жас спортшы Самирхон Абабакиров тамаша өнер көрсетіп, күміс медаль жеңіп алды.

63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Самирхон жарысты сенімді түрде бастап, алғашқы жекпе-жегінде өзінің жерлесі Дулат Абдимәлікті айқын басымдықпен ұтты. Бұл жеңіс оған жарыс ырғағына еніп, өз мүмкіндігін толық көрсетуге жол ашты. Ширек финалда ол Тайбэй елінің өкілі Хуанг Чо Ченгпен кездесіп, тағы да шеберлігін дәлелдеді. Қарсыласынан бір бас жоғары екенін байқатқан Самирхон келесі кезеңге жолдама алды. Жартылай финалда таэквондо өнерінің отаны саналатын Оңтүстік Кореядан келген Жанг Жабинмен жолы түйісіп, тартысты бәсекеде жеңіске жетті.

Финалдық кездесуде Самирхонға әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы оңтүстіккореялық Джун Джан қарсы тұрды. Самирхонның күміс жүлдесі – үлкен жетістік және оның болашағынан зор үміт күттіреді.

Бұл жеңіс – Қазақстан таэквондо командасының осы жарыстағы үшінші медалі. Бұған дейін Батырхан Төлеуғали (80 кг дейінгі салмақта) мен Азиза Қаражанова (53 кг дейінгі салмақта) қола жүлдеге ие болған еді.

Самирхон Абабакиров сынды жалынды жастарымыздың табыстары – алдағы күндерге үлкен сенім ұялатады.

Малика Рүстем
тілші