ҚАРЖЫЛЫҚ ЖОСПАРЛАУ: АҚШАҢДЫ ҚАЛАЙ ДҰРЫС БАСҚАРУҒА БОЛАДЫ?

Қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізу әрбір ер азаматтың маңызды мақсаты. Жеке бюджетті дұрыс басқару арқылы сіз өзіңіздің және отбасыңыздың болашағын қамтамасыз ете аласыз. Төменде жеке қаржыңызды тиімді басқаруға көмектесетін негізгі қадамдар мен кеңестер ұсынылады.
1. Кірістер мен шығыстарды бақылау. Ай сайынғы кірістер мен шығыстарды анықтап, оларды жіктеу қажет. Тұрақты кірістерге жалақы, шәкіртақы, жәрдемақы және басқа да тұрақты түсімдер жатады. Шығындарды тұрақты (азық-түлік, тұрғын үй, көлік) және өзгермелі (киім-кешек, ойын-сауық) деп бөлуге болады. Бұл талдау қаржыңызды қайда және қалай жұмсап жатқаныңызды түсінуге көмектеседі.
2. Қаржылық мақсаттарды белгілеу. Қаржылық мақсаттарды қысқа мерзімді (1-3 жыл), орта мерзімді (3-5 жыл) және ұзақ мерзімді (5 жылдан астам) деп бөлуге болады. Әр мақсатқа жету үшін қажетті қаражат мөлшерін анықтап, ай сайын қанша үнемдеу керектігін есептеңіз.
3. Бюджеттің негізгі қағидалары:
l Шығындар кірістен аз болуы керек: Бұл қағида қаржылық тұрақтылықтың негізі. Егер шығындарыңыз кірістеріңізден асып кетсе, қарызға батуыңыз мүмкін. Сондықтан, шығындарды кіріске сәйкес реттеу маңызды.
l Жаңа табыс көздерін іздеу: Қосымша табыс көздерін табу қаржылық жағдайыңызды жақсартуға көмектеседі. Мысалы, демалыс күндері қосымша жұмыс істеу немесе онлайн жобаларға қатысу арқылы табысыңызды арттыра аласыз.
l Жинақтау әдетін қалыптастыру: Ай сайынғы табысыңыздың белгілі бір бөлігін жинақтауға бөліңіз. Бұл күтпеген шығындар немесе болашақтағы ірі сатып алулар үшін қаржылық қауіпсіздік жастығын қалыптастыруға көмектеседі.
4. Қаржылық сауаттылықты арттыру. Қаржылық сауаттылық бойынша курстарға қатысу немесе арнайы әдебиеттер оқу арқылы біліміңізді жетілдіріңіз. Бұл сізге қаржылық шешімдерді дұрыс қабылдауға және инвестициялау мүмкіндіктерін түсінуге көмектеседі.
Жеке бюджетті басқару – бұл үздіксіз процесс. Тұрақты түрде қаржылық жағдайыңызды талдап, қажетті түзетулер енгізіп отырыңыз. Бұл сізге қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізуге және болашаққа сенімді қадам басуға мүмкіндік береді.
https://kz.kursiv.media/kk/2022-11-15/zheke-bjudzhetti-alaj-d-rys-bas-aru-a-bolady/