Ғасыр жасаған жауынгерге құрмет

Патриот жаршысы
8

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі

Тараз қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, подполковник Ербол Өтебаев 99 жасқа толған соғыс ардагері Геннадий Иванович Ивановты арнайы барып құттықтады.

Құрметті майдангерге Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрінің атынан құттықтау хаты мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Құттықтауда: «Қарулы күштердің жеке құрамы және өз атымнан Сізді туған күніңізбен құттықтаймын! Сіздің өмір жолыңыз - Отанға деген шынайы патриотизм мен риясыз қызмет етудің үлгісі», - деген жүрекжарды тілектер жазылған.

Геннадий Иванович 1926 жылдың 8 шілдесінде Ресейдің Кемерово облысы, Яшкин ауданында дүниеге келген. 1943 жылы Кемерово педагогикалық училищесін тәмамдаған соң, 17 жасында Қызыл Армия қатарына шақырылып, жас жауынгер курсын Краснояр өлкесінде өткен.

1944 жылдың қарашасынан бастап 1-ші Украина майданының 13-ші армиясына қарасты 350-ші атқыштар дивизиясы құрамында шайқасқа қатысып, 917-ші миномет-артиллериялық полкінің аға сержанты болды. 120 мм миномет есептоп командирі, кейін бөлім командирі ретінде Берлинге дейін жеткен.

Соғыстан кейін әскери училищені аяқтап, лейтенант шенін алып, рота командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 1956 жылы әскер қатарынан босаған соң Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласына қоныс аударып, педагогикалық институтты тәмамдады. 1986 жылға дейін мектепте математика пәнінен сабақ берген.

Бүгінде ардагер қызы Натальямен бірге тұрады. Немерелері мен шөберелері үнемі келіп тұрады, сонымен қатар әскери басқарма мен ардагерлер ұйымдарының өкілдері де назардан тыс қалдырмайды.

Геннадий Иванов - батырлық пен еңбекқорлықтың, өшпес ерліктің шынайы үлгісі.

Малика Рүстем
тілші