«СӨЗ БЕН ӘУЕН»: ЖҮРЕККЕ ЖОЛ ТАРТҚАН ПОЭЗИЯ КЕШІ

Патриот жаршысы
93

PATRIOT PORTALY

Астана қаласындағы “Синтез” театрында 18 маусым күні әуезді поэзия мен сырлы саздың көркем үйлесім тапқан әдеби кеші өтті. Бұл - жай ғана мәдени іс-шара емес, жүрекке үңілген жыр мен жанды тербеткен әуеннің, рухани шөлді қандырар тағылымды кеш болды. Шараның ұйымдастыруына Қазақстан Жазушылар одағы мен Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйытқы болды.

Поэзия кешіне еліміздің бірқатар талантты ақындары қатысып, көрерменге өз жырларын тарту етті. Бауыржан Бабажан, Рауан Қабидолдин, Саян Есжан және тағы басқа сөз зергерлері рухтың үнін жеткізген жырларын оқып, жиналған жұртты сырлы әлемге жетеледі. Ақындардың поэзиясы сахнадан емес, көрерменнің жүрегінен орын тапқандай әсер қалдырды. Әр өлең - ішкі бір монолог, әр жол - көркем сурет.

Кештің мазмұнын тереңдете түскен және жыр мен әуенді үйлестірген - Астана қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен театрының» талантты актері әрі әнші Сұлтан Кеңшілік болды. Оның орындауындағы «Бақыт құшағында», «Қайдасың?», «Аңқау қыз», «Күйім», «Бұл өмірде» атты әндері кештің көркемдік кеңістігін толықтырып, поэзиямен қатар өрілген әсерлі сәттер сыйлады.

Тыңдалған әрбір жыр - көкірекке тұнған әңгіме, шырқалған әр ән — өткен мен бүгінді жалғаған көпір секілді. Поэзия мен әуен арасындағы нәзік байланыс кешке терең философиялық реңк берді.

Кештен түйгеніміз - поэзия әлі де тірі, ол жүректі сөйлетіп, жандүниеге сәуле түсіретін қуатты өнер. Бұл - өмірдің өзі. Поэзия - адамның ішкі әлеміне қозғау салатын, үнсіз сырлас бола алатын шынайы құбылыс. Осы кеште ақындарымыздың сөзі мен саз өнері көрерменнің көкірегіне рухани жаңғырық болып жетті.

Малика Рүстем
тілші