Шапшаң есеп, жаңа рекорд

Патриот жаршысы
52

Астана қаласының әкімдігі

Он секунд – рекорд! Астанадағы арифметика олимпиадасында балалар жаңа нәтиже көрсетті

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Астанада ерекше интеллектуалды шара – Ұлттық ментальдық арифметика олимпиадасы өтті. Оны UCMAS Халықаралық балалар академиясы ұйымдастырды, ал «AMANAT» партиясы қолдау көрсетті.

Бұл сайыста 5 пен 15 жас аралығындағы еліміздің барлық өңірінен келген 300-ге жуық бала бас қосты. Қатысушылар санаулы секунд ішінде 200 арифметикалық тапсырманы шешіп, Қазақстанның жаңа рекордын орнатты – барлығы небәрі 10 секундта!

Олимпиада үш бағыт бойынша өтті: визуалды, есту және ментальді арифметика. Әрбір кезең UCMAS халықаралық бағдарламасының бас штабы директоры, доктор Крис Чьюдің бақылауымен өтті.

«AMANAT» партиясының Есіл аудандық филиалы төрайымы Санира Жүсіпованың айтуынша, 1993 жылдан бастау алған UCMAS әдістемесі бүгінде 87 елде қолданылып, балалардың ойлау қабілетін дамытуда тиімді құралға айналған. Қазақстанда бұл жоба 2011 жылдан бері іске асуда.

Академияның ерекше мақтаныштарының бірі – мүмкіндігі шектеулі балалармен атқарылатын тегін жұмыс. Солардың бірі – көру қабілеті нашар Жанерке Назроллаева. Ол ұлттық және халықаралық олимпиадаларда жыл сайын жүлделі орындар иеленіп, былтыр Қазақстанның рекордтар кітабына енді. Жанерке Нью-Делиде өткен халықаралық жарыста 6000 қатысушы арасынан озық шығып, ел намысын жоғары деңгейде қорғады.

Бұл олимпиада балалардың математикалық қабілетін шыңдап қана қоймай, олардың мүмкіндіктеріне деген сенімді арттыратын, шабыт сыйлайтын маңызды алаңға айналды.

Малика Рүстем
тілші