Жеті жүлде — бір рух

Фото: ҰОК
Ташкент қаласында өткен WTT Youth Contender Tashkent 2025 халықаралық турнирі өз мәресіне жетті. Бұл жарыста Қазақстан жасөспірімдер құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, 7 медальмен елге оралды.
Алтын жүлдені үш бірдей санатта қазақстандық спортшылар жеңіп алды. 19 жасқа дейінгі санатта Алан Құрманғалиев топ жарса, аралас жұптар жарысында Абдулла Мамай мен Ноила Ханиязова жеңіске жетті. Ал 11 жасқа дейінгі қыздар арасында Аделя Алжанова қарсыластарынан басым түсті.
Күміс жүлде Назерке Болатбекке бұйырды (11 жасқа дейінгі қыздар), ал Дарья Гамова (19 жасқа дейін), Алексей Маркин (15 жасқа дейін) және Жәния Бекмұхамбетова (13 жасқа дейін) қола медаль иеленді.
Бұл нәтиже — еліміздегі үстел теннисі спортының дамып келе жатқанын тағы бір дәлелдеген көрсеткіш. Қазақстандық жастар халықаралық аренада өздерінің мықтылығын тағы да дәлелдеп, ел абыройын асқақтатты.