«Адал еңбек – ел ырысы»: Республикалық ақындар айтысы өтті

Патриот жаршысы
34

Фото: «AMANAT» партиясы

Қызылордада Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «AMANAT» партиясының және облыс әкімдігінің қолдауымен «Адал еңбек – ел ырысы» тақырыбында республикалық командалық айтыс өтті. Байсалды бәсекеде Қызылорда және Алматы облыстарының өнерпаздары бақ сынады. Жыр додасының салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Сенат және Мәжіліс депутаттары, ақындар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Осылайша, қос өңір арасында өткен өнер бәйгесінде ақындар «түре», «сүре», «қайым» және «қыз бен жігіт айтысы» жанрлары бойынша сынға түсті. Сонымен қатар, жыршылар мен термешілер, дәстүрлі әншілер мен күйшілер аламан доданың көрігін қыздырды. Мәселен, түре айтыста алматылық Жәмәли Айбын мен қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан топқа түсті. Дәстүрлі ән жанрында Бейсенбек Төлеубай мен Ұлжан Ағлақова әуелете ән шырқаса, термешілер Ербақ Құрметжанұлы мен Күнсұлу Түрікпен текті өнердің төресін танытты. Қайым айтыста Мұхтар Ниязов қарсыласқа қиын ұйқас ұсынып, сөзден тосылмаған қос жүйрік көрерменнің шынайы ықыласына бөленді.

Аламан бәйгені Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай жүргізіп, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасы, қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерман, дәстүрлі әнші, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова, ақын, Қазақстанның Құрметті журналисі Серік Құсанбаев, ақын, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, Мәдениет саласының үздігі Мырзабек Құдайберлі, күйші, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, Мәдениет қайраткері Мұрат Әбуғазы, жыршы, термеші, ұстаз, Мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбеков қазылық етті.

Нәтижесінде, еңбек құндылықтарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған өнер додасында Қызылорда облысының командасы жеңімпаз атанып, республикалық командалық айтыстың ақтық кезеңіне жолдама алды.

Дариға Нысанқұл