"ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ" көрерменге жол тартты

Елордада ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы мен «JORYQ» федерациясы бірлесіп «Ұлы дала жорығы» деректі фильмінің тұсаукесерін өткізді. Өздеріңіз білетіндей, тұлпарлар марафондық жарысын ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы 2022 жылдан бастап серіктестерімен бірлесе отырып жыл сайын ұйымдастырып келеді.
«Ұлы дала жорығы» бәйгесі ұлттық спорттың дамуына ғана емес, ұлттық болмысымыз бен тарихымызды тануға, ұлттық рухтың оянуына зор қозғау салып отыр. «Ұлы дала жорығынан» кейін қоғамда, әсіресе жастардың арасында жылқыға, ұлттық спортқа деген қызығушылықтың еселеп артқанын көріп отырмыз. Қазіргі уақытта жылқы ұлттық брендімізге айналды деуге болады. Сондықтан, бүгінгі деректі фильмді болашақта жылқы туралы түсірілетін өнер туындыларының, көркем фильмдердің ізашары деп білемін, - «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек.
Фильмде 2023 жылы өткен «Ұлы дала жорығы» марафоны туралы баяндалады. Осы жорыққа қатысушылар Астанадан Түркістанға дейін 1300 шақырым жол жүріп өткен еді.
Кинокартинада шабандоздардың жарысқа дайындығы, олардың қиындықтарды қалай жеңгені және жеңіске деген ұмтылысы көрсетіледі.
Туынды көшпенділер мәдениетін жаңғырта отырып, рухты көтеретін және жас буынның бойында патриоттық сезімді оятатын тың дүние боларына сенеміз.