Ғылыми Оскар» иегері атанған қазақстандық офтальмолог жаңа құрылғының мүмкіндігін таныстырды

Патриот жаршысы
23

Фото: видеодан алынған скрин

Қазақстандық офтальмолог, жас ғалым Мұхит Құлмағанбет отандық ғылымның әлеуетін халықаралық деңгейде тағы бір мәрте дәлелдеді. Ол Гонконгта өткен ICT Startup Award халықаралық байқауында Hardware and Device номинациясы бойынша алтын жүлдені жеңіп алды. Бұл байқау ғылыми ортада бейресми түрде «Ғылыми Оскар» аталып келеді.

Жеңіске жеткен жоба — SLOPE атты инновациялық құрылғы. Ол көз ауруларын, әсіресе көру қабілетіне тікелей әсер ететін өзгерістерді ерте кезеңде анықтауға арналған.

— SLOPE құрылғысының басты артықшылығы — поляризациялық сәулені қолдану арқылы көз түбіндегі торлы қабықтың, нақтырақ айтқанда макуланың қызметін бағалай алуында, — дейді офтальмолог Мұхит Құлмағанбет.

Мамандардың айтуынша, макула — адамның негізгі көру қабілетіне жауап беретін ең маңызды аймақ. Алайда макулярлы дегенерация мен дистрофия секілді аурулар алғашқы кезеңде еш белгі бермейді әрі қазіргі диагностикалық құралдармен дер кезінде анықтала бермейді. Ал SLOPE құрылғысы дәл осы жасырын өзгерістерді ерте сатысында тіркеуге мүмкіндік береді.

— Құрылғы әзірге прототип деңгейінде. Дегенмен алдағы уақытта оны торлы қабық ауруларын ерте диагностикалауға арналған тиімді құрал ретінде дәрігерлердің күнделікті тәжірибесіне енгізуді жоспарлап отырмыз, — дейді ғалым.

Жобаның халықаралық байқауда жеңіске жетуі оның болашағына жаңа серпін берді. Енді жобаға жеке инвестиция тарту, мемлекеттік қолдауға ие болу, сондай-ақ шетелдік ғылыми конференциялар мен кәсіби алаңдарда таныстыру мүмкіндіктері артып отыр.

Қазіргі таңда SLOPE құрылғысының прототипі Гонконг пен Канададағы бірқатар жеке көз клиникаларында сынақтан өтуде. Шетелдік дәрігерлер құрылғыны тәжірибеде қолданып, оны жетілдіруге қатысты өз ұсыныстарын білдіріп жатыр.

— Бұл құрылғыны Қазақстанға әкелу — менің үлкен арманым. Себебі макулярлы ауруларды ерте диагностикалау еліміз үшін әлі де өзекті мәселе, — дейді Мұхит Құлмағанбет.

Айта кетейік, офтальмологтың мәліметінше, жасы ұлғайған адамдар арасында макулярлы дегенерация мен глаукома, ал жастар арасында миопия мен көздің құрғауы жиі кездеседі. Мұның негізгі себептерінің бірі — гаджеттерді ұзақ уақыт бойы пайдалану.

Бұған дейін офтальмолог 1–2 жасар балалар арасында көздің қылилануы жиілеп бара жатқанын айтып, қоғам назарын мәселенің алдын алуға аударған болатын.

Лағыл Намаз
тілші