Жас дарындар шеруі

Астана қаласының әкімдігі
Астана қаласындағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында VIII «Алтын күн» балалар патриоттық ән фестивалінің қорытынды кезеңі өтті. Бұл жайында қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Фестиваль Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен жыл сайын ұйымдастырылады. Оған еліміздің әр өңірінен келген шығармашыл балалар ұжымдары қатысады.
«Алтын күн» – жас өнерпаздарға өз дарынын көрсетуге, достар тауып, ортақ құндылықтарды насихаттауға мүмкіндік беретін ерекше алаң. Фестивальдің басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезімді сіңіру.
Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсайынованың айтуынша, байқауға қатысуға ниет білдірушілердің саны жыл сайын артып келеді. Биылғы конкурс екі кезеңнен тұрды. Алғашқы күні 50-ден астам бала сахнада өнер көрсетті, ал екінші кезеңге 26 қатысушы жолдама алды.
Қазылар алқасының құрамында танымал мәдениет қайраткерлері болды. Олар жас таланттардың вокалдық шеберлігін, сахналық мәдениетін бағалады.
Байқау үш жас ерекшелігі бойынша өтті:
- 6-10 жас,
- 11-13 жас,
- 14-16 жас аралығы.
Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды. Қатысушыларға алғыс хаттар мен балалар тауарлары дүкенінен сыйлық сертификаттары табысталды.