Жалған ақпаратпен күрес: Анкарада түркі елдерінің өкілдері бас қосты
Фото:BAQ kz
Түркия астанасы Анкарада Түркі мемлекеттеріндегі жалған ақпаратпен күрес тақырыбына арналған халықаралық форум өтіп жатыр. Алқалы жиынға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Мажарстан және Түрікменстанның мемлекеттік органдарының өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, академиялық қауымдастық пен коммуникация саласының сарапшылары қатысуда.
Форумның негізгі мақсаты — ақпараттық саясатқа жауапты мемлекеттік құрылымдар, БАҚ, журналистер мен сарапшылар арасында тиімді коммуникациялық платформа қалыптастыру, сондай-ақ түркі елдері арасындағы жалған ақпаратпен күрес бағытындағы ынтымақтастықты нығайту.
Аталмыш басқосу түркі мемлекеттері арасындағы өзара байланысты күшейтіп қана қоймай, цифрлық дәуірдің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға бағытталған маңызды алаңға айналуды көздейді.
Форум аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов сөз сөйлеп, еліміздің жалған ақпаратпен күрес бағытында Түркі мемлекеттері арасындағы тығыз ынтымақтастықты қолдайтынын атап өтті. Оның айтуынша, елдер арасындағы тілдік және мәдени жақындық ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді.
— Қазақстанда жалған ақпаратпен күрес мәселесі мемлекеттің тұрақты бақылауында. Бұл бағытты Мемлекет басшысы бірнеше рет ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылықтың маңызды басымдығы ретінде атап өтті, — деді вице-министр.
Сондай-ақ форум шеңберінде Қанат Ысқақовтың Түркия Республикасы Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар басқармасының басшысы Бурханеттин Дуранмен екіжақты кездесуі өтті. Кездесу барысында ақпараттық кеңістіктегі ынтымақтастықты дамытуға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Анкарада өтіп жатқан бұл форум — түркі әлемінің ақпараттық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам әрі ортақ мүдде жолындағы бірліктің айқын көрінісі.