Семейде ашық қабылдау өтті

Патриот жаршысы
68

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі

Семей қаласында полиция қызметкерлері тұрғындармен ашық әрі бейресми жағдайда кездесу өткізді. «Ауладағы қабылдау» деп аталатын бұл шара Утепов көшесіндегі №1 үйдің ауласында ұйымдастырылды.

Игілікті бастамаға елуге жуық тұрғын қатысып, өздерін мазалаған мәселелер бойынша тікелей құқық қорғау органдарының өкілдерінен жауап алды.

Кездесуге Абай облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Бауржан Садакбаев, учаскелік инспекторлар және өзге де қызмет басшылары қатысты.

Тұрғындармен әңгіме барысында интернет-алаяқтық, ұсақ ұрлық, отбасылық жанжал, қоғамдық орындардағы құқық бұзушылық және балалар қауіпсіздігі секілді маңызды тақырыптар талқыланды.

Полиция қызметкерлері алдын алу шаралары мен әрекет ету алгоритмдері жазылған жадынамалар таратып, халыққа пайдалы кеңестер берді.

«Ауладағы қабылдау» – жай ғана ресми кездесу емес, тұрғындармен ашық диалог орнатудың нақты жолы. Мұндай формат қоғам мен полиция арасындағы сенім көпірін нығайтуға сеп болары анық.

Шара алдағы уақытта да жалғасын табады. Құқық қорғау органдары үшін басты міндет – әр азаматтың үнін есту, мәселесін түсіну және көмек көрсетуге дайын болу.

Малика Рүстем
тілші