Эдгар Мамедов – Қазақстан тарихындағы ең жас халықаралық гроссмейстер!

almaty.fizmat.kz
Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 9Е сынып оқушысы Эдгар Мамедов шахмат әлемінде тарихи жетістікке қол жеткізді. Ол Қазақстан тарихындағы ең жас халықаралық гроссмейстер атанып отыр!
Эдгар Испанияда өткен беделді шахмат турнирі — IX Open Internacional Semana Santa San Vicente del Raspeig Costa Blanca 2025 A жарысында тамаша нәтиже көрсетті. Ол 9 мүмкін ұпайдың 7-ін жинап, турнирді бірде-бір жеңіліссіз аяқтады: 5 жеңіс және 4 тең ойын. Бұл керемет көрсеткіш оның екінші гроссмейстерлік норманы орындауына мүмкіндік берді.
Аталған жарыстан кейін Эдгардың халықаралық рейтингі 2453-ке көтерілді. Кейінірек ол соңғы гроссмейстерлік норманы да сәтті орындап, 2500 рейтинг шегінен асып, Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) тарапынан ресми түрде халықаралық гроссмейстер (GM) атағын алды. Осылайша, Эдгар Мамедов Қазақстан тарихындағы ең жас гроссмейстер атанды!
Бұл — тек Эдгардың ғана емес, бүкіл еліміздің шахмат спорты үшін үлкен мақтаныш. Жас спортшының табандылығы мен дарыны жас буынға үлгі болары сөзсіз. Эдгардың жетістігі — еліміздегі дарынды жастардың әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін тағы бір дәлелдеді.
Біз Эдгар Мамедовты осы тарихи жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда да сәттілік пен жаңа жеңістер тілейміз!