ЖАҚСЫЛЫҚ ҮШКЕМПІРОВ

Ашық дереккөзден
Грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының жеңімпазы, балуан
1. Дүниеге қатты құмартқан емеспін. Күрестің арқасында жер шарының елуден астам елінде болдым. Сол кезде біздің елдің түсіне кірмеген талай қымбат заттарды көрсем де, біреуін сатып алмайтынмын. Мен бір нәрсе ала қалсам, сырт көз «халқы дүниеқоңыз екен» деп айтатындай көрінетін. Қанша шет елдің топырағына табан тиді, тек жеңуді ғана ойлап барам. Маған сол жеңіп қайтсам болды, өзгенің құны көк тиын еді.
2. Біздің балуандарымыздың ешқайсысы осал емес. Бірақ, бір байқағаным, өзін-өзі іштей қайрау, жігерлене білу аз секілді. Аздаған қиындыққа сыр беріп, бірер сәтсіздікке бола мұқалып қалатындай көрінеді. Кейбіреуі күресті доғара қойғысы келіп, соған даяр тұрады. Балуандар әлемдік аренаға шығудың азабын тарта білуі керек. Шын спортшы соны түсінсе деймін. Спортты оңай тірлікке балап, атағыңды тез шығаруға болады деп ойлайтын жастар қатты қателеседі.
3. Дарынның көбі ауылда. Тек тани білу керек, спортқа тарта білу қажет. Тек қана спортқа емес, өнердің бар саласына ізбасар іздеген шын жанашыр азамат ауылға барсын. Жалықпай іздесін, үгіт-насихат жүргізсін. Қазақы қаны бар ертеңгі ұлт патриоттары сол жақта тұнып жатыр деп, кім кіммен де бәс тігуге бармын.
4. Қазақ елінде ары кетсе 5 мыңнан аса ауыл бар шығар. Сонда біздің қазақтың 5 мың жігіті сол ауылдарымызды көтеріп жіберсек, одан артық қандай бақыт керек?! Біріксек, біз бар қиыншылықты жеңеміз.