Жас математиктер көк байрағымызды асқақтатты

Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен Әл-Хорезми атындағы халықаралық математикалық олимпиадасында Қазақстанның жас математиктері 4 медаль жеңіп алды. Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түркіменстан және Тәжікстаннан білім бәйгесіне 135 оқушы қатысып, ел намысын қорғаған оқушыларымыз үздіктер қатарынан көрінді. Ел қоржынында 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль бар.
Білім додасына–Ақтөбе облыстық дарынды жасөспірімдерге арналған «Білім-инновация» мамандандырылған мектеп-интернатының 9-сынып оқушысы Шерхан Жақсылық, Атырау облыстық №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Орынбасар Бердібек, Атырау облыстық №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Темірлан Әбішев және Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 8-сынып оқушысы Батырхан Аружан қатысты. Құрама команданың жетекшісі – «Үздік педагог» номинациясының иегері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы Ибрагим Ибатулин.