Жұмысшы мамандықтар экранда: «One day life» киножобасы басталды

Фото: Алматы қаласының әкімдігі
Алматыда Жастар саясаты басқармасы мен қала әкімдігінің қолдауымен «One day life» қысқаметражды фильмдерінің тұсауы кесілді.
Жоба жұмысшы мамандықтарын насихаттап, қиындықтарды жеңіп, жетістікке жеткен адамдардың шынайы оқиғасын баяндайды. Көрермендер кейіпкерлердің кәсіби өмірін ғана емес, олардың еңбегінің қоғамға тигізетін әсерін де көреді. Әр фильм көрерменді құрылысшылардан бастап медбикелерге дейін әртүрлі мамандардың бір күнімен таныстырады.
Тұсаукесерге жастар, білім беру және қоғамдық ұйымдардың өкілдері сияқты көптеген көрермен жиналды. Ұйымдастырушылар бұл жоба жаңа буынға шабыт беріп, еңбектің қоғамдағы маңыздылығын айқындайтынын атап өтті.
«Бұл жоба креативті әрі мақсатшыл жастар үшін жаңа шабыттың символына айналары сөзсіз. Осындай бастамалар арқылы біз маңызды әлеуметтік мәселелерді көтеріп қана қоймай, әркім өзін көрсете алатын шығармашылық орта қалыптастырамыз», – деді ұйымдастырушылар.