АНДРЕЙ САМАРИН — СУРДЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ! ҚАЗАҚСТАН ЖЕҢІСІ ЖАПОНИЯДА ЖАЛҒАСТЫ

51

ҚР СПОРТ КОМИТЕТІ

Жапонияның астанасы Токиода өтіп жатқан XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында грек-рим күресінен Қазақстан намысын қорғаған Андрей Самарин тарихи жетістікке қол жеткізді. 67 келі салмақ дәрежесінде белдескен отандасымыз финалда ирандық Мехди Бакшыны 11:1 есебімен ойсырата жеңіп, алтын медаль еншіледі.

Бұл жеңіс — Қазақстанның спорттағы абыройын асқақтатқан ерлік. Андрей жарыс басталған сәттен-ақ өзінің жоғары дайындық деңгейін, мықты мінезі мен нағыз балуанға тән табандылығын көрсетті. Алғашқы айналымда қырғызстандық Дінмұхамед Бигелдиевті 5:2 есебімен тізе бүктірсе, ширек финалда болгариялық Дилиан Димитровты 8:0, ал жартылай финалда армениялық Жора Грегориянды дәл сондай айқын басымдықпен — 8:0 есебімен ұтты.

Самариннің Токио кілеміндегі әр белдесуі — ел рухын көтерген нағыз табандылықтың үлгісі. Оның бұл жеңісі Қазақстанның грек-рим күресіндегі қарқынының әлі де күшті екенін дәлелдеп, жас балуандарға үлкен мотивация берері сөзсіз.
Патриоттар елі тағы бір чемпионды қарсы алмақ!
Андрей Самарин — ел намысын лайықты абыроймен қорғап, көк туымызды әлемдік аренада биіктеткен нағыз батыр.

Лағыл Намаз
тілші